Торакальды хирургия

Торакальды хирургия – негізінен кеуде қуысы ағзаларының – өкпенің, плевраның, көкірек ортаның және басқаларының ауруларын хирургиялық жолмен емдеумен айналысатын медицина бағыты.

Әр кезеңде, әр жылдары торакальды хирургтар сүт безі, өкпе, жүрек, өңеш, көкірек орта хирургиясымен айналысқан. Кардиохирургия, маммология, ангиохирургия сияқты заманауи бағыттар дәл осы торакальды хирургиядан бөлініп шыққан. Медицина дамуының бүгінгі технологиялық деңгейінде барлық осы пәндердің қайта жақындасу үрдісі байқалады. Мұны отандық клиникаларда да, шетелде де көруге болады. Себебі – жаңа техникалық мүмкіндіктерде. Мысалы, көптеген операцияларды енді торакоскоп (кеуде қуысына арналған эндоскоп) көмегімен және басқа да тәсілдермен жасауға болады.
Торакальды хирург кеуде қуысының және оның ішіндегі ағзалардың (соның ішінде жүректің) жарақаттарын (соның ішінде енетін жарақаттарды), төс пен қабырғалардың қабынуын, өкпенің, кеуде қуысының, қалқанша бездің және т.б. ісіктерін, өкпенің, өңештің, көкеттің жыртылуын және т.с.с. емдей алады.